Қазақстандағы «қысқы» ҰБТ – ережелері мен шарттары

https://youtu.be/dMrG_eqBMsQ

Бүгiн елiмiзде ақылы Ұлттық бiрыңғай тестiлеу басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

35 мың үмiткер осы жылдың алғашқы сынағынан сүрiнбеу өтуге тырысып көрмек. Айта кетейiк, биылдан бастап бiрыңғай тестiлеу жылына төрт мәрте өтедi.

Ықылас Айбасов — Әлкей Марғұлан атындағы орта мектептiң 11-сынып оқушысы. Бүгiнгi өзгерiс енгiзiлген ұлттық бiрыңғай тестiлеуде бағын сынап көрмек. Болашақта заңгер болуды көздейдi, сондықтан адам құқықтары мен дүние жүзi тарихын қосымша пәндер ретiнде таңдады. Оның айтуынша, алдымен қысқы және көктемгi сынақтарды байқап көрiп, жазғы тестiлеуге күш салмақ.

Ықылас Айбасов, Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектебiнiң оқушысы:

— 11 жыл оқыған бiлiмiмдi тексеру. Алда келе жатқан жазғы ҰБТ-ға дайынмын ба? Дайындалу деңгейiм қандай? Екiншiсi, бұл — ҰБТ-да болатын атмосфераны байқау, бойымда қандай эмоциялар болатынын, қандай көңiл-күй болатынын анықтау.

Биылдан бастап тестiлеу жылына төрт рет өткiзiледi. Осыған дейiнгi қаңтар, маусым және тамыз айларына ендi наурыз қосылды. Осылайша, жаздағы негiзгi сынаққа дейiн үмiткерлер екi мәрте өз шама-шарқын бiле алады. Ескеретiн жайт, мемлекеттiк грантқа қол жеткiзу үшiн оқушылар мiндеттi түрде маусым-шiлде айларындағы тестке қатысып, жоғары балл жинауы тиiс. Ал өзге үш сынақ тек ақылы бөлiмге түсуге мүмкiндiк бередi.

Гүлжазира Сәдуақасова, Ә. Марғұлан атындағы №40 орта мектептiң 11-сынып жетекшiсi:

— Көбiсi эмоцияға берiлiп, бiр балл болсын, айырылып қалған жағдайлар кездестi. Ендi 4 рет тапсыруға мүмкiндiк туып отыр. Бұл балалар үшiн зор мүмкiндiк болады деп ойлаймын.

Бүгiн 3 санатқа жататын 35 мың үмiткер тест тапсырады. Бұл — 11 және 12-сыныптың оқушылары, жоғары оқу орындарында шартты түрде бiлiм алып жатқандар мен шығармашылық мамандықтан өзгесiне ауысатындар. Соңғыларын тесттен бөлек, тағы екi емтихан күтiп тұр.

Қуаныш Мәлiков, ұлттық тестiлеу орталығы директорының орынбасары:

— Мысалы, оқушы спорт және денешынықтыруда оқып жатыр. Ол жерге шығармашылық мамандық тапсырды. Ендi бала қазiр заңгер болғысы келсе, бiр семестрден кейiн құқықтану мамандығына ауысқысы келедi. Яғни ол құқықтанудың екi таңдау пәнiн қайтадан тапсыруға тиiстi.

Осылайша, биыл қазақстандық оқушылардың үмiтi артты. Олай дейтiнiмiз, алғашқы сынақтан сүрiнген бозбала мен бойжеткеннiң ендi сағы сынбайды. Бекiтiлген жаңа талаптарға сай шектi балл жинай алмағандар наурызда қайтадан тест тапсыруға мүмкiндiк алды.

Авторлары: Нұршапағат Несiпбаев, Ержан Рахманбердиев

15.01.2019
Қаралым саны: 1436
coronavirusАкорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Премьер egovОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиӘділетruh.kz