АСТАНА. ҚазАқпарат — Елiмiзде педагог мамандығына оқуға түсетiн студенттердiң шамамен 80 пайызы — межелi балды жинай алмағандар. Яғни жоғары бал жинағандар көбiне басқа мамандықтарды таңдап кетедi. Өйткенi мұғалiмдiкке бүгiнгi қоғамның қызығушылығы төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 агенттiгiне сiлтеме жасап.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшiн елiмiзде «Педагог мәртебесi туралы» заң қабылданбақ. Бүгiнде оның жобасы жан-жақты талқыланып, ұсыныстар қарастырылып жатыр. Педагог мәртебесi туралы айтқанда, түйiнi шешiлмеген талай мәселенiң бар екенi белгiлi. Ендi мұғалiмдердiң құқығын қорғайтын осы құжат қабылданса, ұстаздардың беделiн көтерiп, мерейiн үстем етпек.
Бүгiн Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң өкiлдерi мен қалалық және аудандық мектеп мұғалiмдерi, ата-аналар және кәсiподақ мүшелерi бас қосып, заң жобасына қатысты бiрқатар ұсынысты ортаға салды.
«Бiр апта бұрын ғана бiзге түскен ұсыныстардың саны 800-дей болатын. Мiне бүгiн 2000-ға жеттi. Азаматтар министрлiктiң ресми сайтына, әлеуметтiк желiдегi парақшаларына өз ой-пiкiрлерiн жiберiп жатыр. Әрине, ұсыныстардың көбi педагог жүктемесiне қатысты», — дейдi ҚР Бiлiм және ғылым министрiнiң кеңесшiсi Майраш Тайкенова.
Жиында сөз болған тақырыптың бiрi — ата-аналар мен мұғалiмдердiң қарым-қатынасы. Өйткенi бала тәрбиесi үшiн бұл да өте өзектi. Жиынға қатысқандар ата-аналардың педагогтарға үстемдiк жасап, жұмысына негiзсiз араласатынын жоққа шығармайды. Сондықтан осы заңда педагогтың әлеуметтiк жағдайын жақсарту ғана емес, қоғамдағы беделiн көтеру басты назарға алынған.
Педагог мәртебесi туралы заң тұжырымдамасына әрбiр қазақстандық өз ұсынысын бiлдiре алады. Ал дайындалған заң жобасы келесi жылдың маусым айында күшiне енедi деп күтiлуде.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсендi сiлтеменi пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/pedagog-martebesi-turaly-zanga-katysty-halyktan-2-myn-usynys-kelip-tusti_a3475711
Қаралым саны: 1251